![](/uploads/shorttexts/author_image/mrm.png)
Өткен кіл өкінішпен күнімді аяп...
Өткен кіл өкінішпен күнімді аяп,
Қойды ғой жаным суып, жалынбай-ақ.
Жан екем сорым қалың қара жердей,
Бақытым кеседегі жұғындай-ақ.
Тауып ап мың қасиет бір өзіңнен,
Жүрегім күн езілген, түн езілген.
Қол созып, мақсатыма жете алмасам,
Бәрі де тек өзімнің мінезімнен.
Жағынды, мейлің ойла жалынды деп,
Мендегі жасайды істің бәрін жүрек.
Ашуым – қара қазан, қайнап алып,
Өкініп жүрем сосын жанымды жеп.
Ақылмен жеңе алмадым сезім күшін,
Сен де оған дей алмаймын төзімдісің.
Сүйеуің бола алмадым сүйе тұрып,
Сен үшін, мұңаямын өзім үшін.
Ежелден махаббаттың елі жұмбақ,
Қояды жүрегіңді, көңіліңді ап.
Баса алмай өксігімді отырмын мен,
Тағы да таң атпастан сені жырлап.
Ішімнен мың қайталап есіміңді,
Қағуға оқталамын есігіңді.
Кешірші, кешір, жаным, бәрі-бәрін,
Махаббат деуші еді ғой кешірімді...