07.07.2023
141
Сүйесің...
Сүйесің! –
Сырыңды ақтардың,
Кетті ғой тау мен тас гүлдеп.
Шарықтап көкке шаттандым,
Аспаннан әрі асқым кеп.
Мақпал түн жаптым арқаңа,
Құлағыңа Айды сырға ғып.
Жанарыңда тұр алқа да
Ай-сырғаңменен нұрланып.
Аспаннан әрі астым мен,
Аралап кеттім құс жолын.
Жұлдыздан шашу шаштым мен,
Шық болып жерге түсті оным.
Сүйгенің мені үшін де
Әпердім бұлақ-шолпыңды.
Өңім бе әлде түсім бе?
Еске аласың ба сол түнді?!
Күшім де, ерек ісім де,
Әлі күн жүрмін таң қалып.
...Қараңғы ойларым ішінде
Сол бір түн ерек жап-жарық!