07.07.2023
98
Өкініш, өксік, өмірдің ащы дәмі...
Өкініш, өксік, өмірдің ащы дәмі,
Болып қалған менімен жақсы бәрі.
Сен келгелі маңыма жуи алмай,
Жасырынып жанымнан қашты бәрі!
Сен қайтадан оралтып айбынымды,
Тыныштыққа бөледің айдынымды.
Шуақ болып кірдің де жан жылытып,
Қуып шықтың үйдегі қайғы-мұңды!
Күйінішті іштегі күйім қалмай,
Жап-жарық боп кетті енді үйім қандай!
Қалмай жүрген қасымнан қабаттасып,
Өтірік пен өсек те тиылғандай.
Не жетеді өмірде адал жарға,
Адалдыққа алынбас қамал бар ма?
Мүлде жоқ боп кеткендей сен келгелі
Маған қарап жәудірер жанарлар да.
Бұл өмірде қайтадан туа ма адам,
Кірпік қақпай қарашы тура маған?!
Кетпей қойды тек Шындық,
Жасырмақ боп
Біз екеуіміз жабылып қуалаған!