07.07.2023
  82


Автор: Серікбай Оспанов

Қырдағы үй мен ойдағы үй

Біздің үй ме, біздің үй – ауылдағы ең қырдағы үй,


Телеграф бағаны тартып тұрады мұнда күй.


Ауыл – ойда шашылған, үстінен кіл қарайсың,


Әр үй таныс, әрине, мал мен жанын санайсың.


 


Тойға кеткен ата-анам, бүгін үйде жалғызбын,


Ауласына қараймын бірге оқитын Сары қыздың.


Анаң қара Болатты, неге есігін қағып жүр,


О, қу неме, қарашы, кітап сұрай барып жүр.


 


Кітап іздеп оқитын бола қалды бұл қалай,


Қап, антұрған, Сары қыздың қолын ұстап тұрғаны-ай.


Айтып жатыр бірдеме, шамасы оны мақтайды,


Әлі ұстап тұр қолынан, қолын неге тартпайды?!


 


Жақындауын қарашы кітабына төнген боп,


Жарайсың, ей, Сары қыз, кітабын ол берген жоқ!


Осы қазір, оллаһи, ойғы ауылға барамын.


Болат құрлы жоқпын ба, мен де есігін қағамын.


Қалды бәрі жайына, оқылмады сабағым,


Ойғы ауылда бар ойым, Сары қызда жанарым.


 


Күні-түні ауласын бәрі де айналақтайды,


Сары қыз-ай, Сары қыз қалай ойға батпайды?!


Сары қызды қашан да атам, анам мақтайды,


Бара қалсам қасына көзім тайғанақтайды.


 


Қарап тұрмын алыстан, алыста мен батырмын,


Сақшысындай Кремль күнді тағы батырдым.


Ойлы, мұңды... бәлкім, ол қамығады мені ойлап,


Лүп-лүп соғып жүрегім, салып кетті неге ойнақ?!


 


Қарамасам осы үйге ішкен асым батпайды,


Қарамасам осы үйге күліп таңым атпайды.


Жүрегім-ай, жүрегім ұрғылайды кеудемді,


Неге осылай барып ол қыз есігін қақпайды?!





Пікір жазу