Алтын ұям – аңсарым
(Қамысты ауданындағы Бестау орта мектебіне)
Дәл осылай қуанып күлімдер ме ем,
Кетпессің бе айналып бұл күндерден?!
Саған сәлем алдымен,
Аңсап келдім,
Алтын ұям, армысың білім берген?!
Жырдың бүгін кеудемнен бұлағы ақты,
Сәлем бердім, ұстаздар ұлағатты.
Өздеріңнен шақыру хат алғанда,
Жанарымда бір тамшы тұра қапты...
Неткен сонша, уақыт жылдам едің,
Кеше ғана мен сабақ тыңдап едім.
Кеше ғана атымды ойып жазған
Парталарым орнында тұр ма менің?!
Арман мекен, мектебім – қиял мекен,
Қолға жұққан төгіліп сияң көркем.
Шын есейіп, апыр-ай, кеткенім бе,
Кеше отырған партама сияр ма екем?!
Бізді жарқын жібердің салып ізге,
Берерің көп, мектебім, әлі бізге.
Мына отырған жігіттер – сенің балаң,
Бір ұядан ұшқанбыз бәріміз де!
Аңсап жеттік алыстан, жақыннан да,
Біз сендікпіз, Аралкөл, атың барда!
Сәлем саған туған жер, өскен мекен,
Инженерден, деректір, ақыннан да!
Білім бердің, ұлдарың басты қадам,
Бәрімізге есігін ашты ғалам.
Аман болсын шәкіртің, ұстаздарым
Араласып тұрады жақсы-жаман.
Нұрлы күнге қашан да жалғайық нұр,
Қайырымнан қалай да қалмайық құр.
Озып кеткен өмірден ұстаздар мен
Шәкірттерге бас иіп алайық бір.
Ұмытайын, мектебім, сені қалай,
Есігің – гүл, бесігім, төрің – арай.
Бас иеміз Жасар, Тұқыш, Ғабжауатқа
Ғарыпжан, қимастар ғой Серік ағай!
Ұстаздарым – апайлар, ағайларым,
Ұмытпақпын өткеннің қалай бәрін?!
Қаламымды қолыма алған сайын,
Өздеріңді еске алып сан ойладым.
Сені ойладым –
Есімде бала күнім,
Берді маған білімді, сананы кім?!
Өздеріңе бұрады әр өлеңім,
Өздерің деп тұрады әр әрібім.
Алтын Ұя!
Аңсарым бір өзіңде,
Сыр өзіңде, таусылмас жыр өзіңде.
Сенен алған шығармын деп жүремін,
Бір жақсылық болса егер мінезімде?
Тәтті әр сәтің, сабағың, сағат тәтті,
Ұқсатамын өзіңе абат бақты.
Қаншама адам өзіңнен тәрбие алып,
Қиясына өмірдің қанат қақты?!
Мектеп!
Ұстаз!
Сендерді сағынамын,
Сыныптастар, сыныбым – бәрі-бәрін!
Екі қойып отырса Тоқмырза ағай,
Туса, шіркін, оқитын тағы да күн!
Қырық күндей қырық жыл – бір күн елес,
Өмір қалай адамды сілкілемес?!
Қайта оқысам есептен бес аламын,
Қайта оқуым бірақ та мүмкін емес!
Не істемедім ол кезде балалықпен,
Сірә, дұрыс есептен баға алып па ем?!
Он жыл бойы Сіздерді ренжіттім,
Бас бұзар бір тентекке саналып мен.
Не істемедім ол кезде балалықпен,
Қостанайды картадан таба алып па ем?
Он жыл бойы шаштарың ағарды ма,
Тұрған кезде түк білмей сазарып мен?
Кешір Тоқа, бір есеп шығармадым,
Кешір Өмке, Химияны ұға алмадым.
Орындалды
Алдарыңда басымды иіп,
Сұрау еді кешірім бір арманым!
Білім бердің, мектебім, бағым жанды,
Көкіректе өшпейтін жалын қалды.
Сағынамын мен сенің ақылыңды,
Қиындық қысқан кезде қабырғамды!
Көктеп келед!
Мектебім әлі көктер,
15 жыл!
Шың емес бұл, әлі бөктер.
Біздер бүгін бірінші сыныптамыз,
Отыр, әне, Темірхан, Әбілбектер!
Қуанышбек, Рыскүл, Есенкелді,
Марат, Берден сабаққа белсенді енді.
Бақыт, Жомарт, Айман мен Түйебай да
Шемішкідей шағып есеп еңселенді!
Жатыр күнде ауысып уақыт-кептер,
Отыр, әне, Төлеген, Бақытбектер...
Бәрі де отыр...
Аттары басқа бәлкім,
Олар да ертең біздей боп шалқып, көктер.
Шалқи берсін, шалқысын жалын-жастар,
Аға, іні, бауырлар, қарындастар.
Сенің берген білімің барда, мектеп,
Қандай, сірә, өмірде алынбас бар?!
Қанаттанды өзіңде арманым да,
Ұмытпаспын кеудемде жан барында!
Ұлағатты ұстаздар, мың-мың алғыс,
Бас иемін құрметтеп алдарыңда!