04.07.2023
185
Қарттарым-ай...
Ата-анаң кім, туысқан кім,
Сұрап алған, қарттарым-ай!
Жақын тартып, ұғысқан күн
Жылап алған, қарттарым-ай!
Кешке жақын үй алдында
Қауқылдасқан қарттарым-ай.
Жетегінде қиялдың да
Мауқын басқан қарттарым-ай.
Сәлем берсең «Ассалау» деп,
Риза болған қарттарым-ай.
Аспандатып тастады-ау деп,
Мырза болған қарттарым-ай.
Болмаса да дәм-тұзда ойың,
Жайнататын қарттарым-ай.
Іздеп барсаң,
Жалғыз қойын
Жайрататын қарттарым-ай.
Аулақ небір сасық ойдан,
Өмірі – арман қарттарым-ай.
Бір-ақ атым насыбайдан
Көңілі қалған қарттарым-ай.
Дүниені шайқаған бұл
Дана, қорған қарттарым-ай.
Қартайғанда қайтадан бір
Бала болған қарттарым-ай.
Оңай жанып-сөнуі де,
Бәрін көрген қарттарым-ай.
Сенің өсіп-өнуіңе
Жанын берген қарттарым-ай!