04.07.2023
225
Ерітеді мейіріммен қараған...
«Ерітеді мейіріммен қараған», –
Деп бәрінен қорқады екен қар адам.
Сондықтан да ауылдардан жырақтап,
Ол айналып өтеді дейді қаладан.
Ал мен болсам мейірім іздеп алаңмын,
Пейілсізден табам қайғы, табам мұң,
Пышағына түсемін деп қорықпай,
Құшағына тығыламын адамның.
Бұл сорым ба,
Білмеймін бұл бағым ба,
Қол соғамын жылылыққа, жалынға.
Қарағандар мейірімсіз бе ерітер,
Қар адамдар жоқ па әлде жанымда?!
Қар адамды көргендей боп кей күннен,
Жүрегі – аяз, жаны – мұз-ау деймін мен.
Өртенсе де мейірімге ашар құшағын,
Мейірімділер қорықпайды мейірімнен!