04.07.2023
  81


Автор: Серікбай Оспанов

Суреті тұр көз алдымда Торғайдың

Суреті тұр көз алдымда Торғайдың,


Торғайым деп күнде жырды толғаймын,


Алға басса – шаттанамын қол соғып,


Сәл жүдесе – күн-түн ойлар ол қайғым.


 


Суреті тұр көз алдымда Торғайдың,


Қалай ақын,


Қалай жақын болмаймын?!


Көпірдеймін өзеніне салынған,


Мен Торғайға апаратын жолдаймын.


 


Ауырға да, жеңілге де соққызып,


Жатам бәрін жүрегімнен өткізіп.


Қайғы-мұңы қайыстырып белімді,


Қайта жазып жібереді көп қызық.


 


Ақкөлінің айдынында жүздіріп,


Көңілімде жүреді кіл ізгі үміт.


Торғай десе елең етем, елпілдеп,


Бүйірімді сөнбейтін шоқ қыздырып.


 


Дүниеде кереметтер көп мейлі,


Оның салқын самалындай өппейді.


Толқып жатқан,


Шолпы таққан Торғайдың


Суреті көз алдымнан кетпейді.


 


Көз алдымда алтын аймақ, алтын дән,


Төбесінде қыран болам шарқ ұрған.


Телеграф сымындаймын


Торғай мен


Алматының арасына тартылған.





Пікір жазу