04.07.2023
  58


Автор: Серікбай Оспанов

Ел шырқын ап, жөн-жосықсыз кимелеп...

Ел шырқын ап, жөн-жосықсыз кимелеп,


Болғаным жоқ күйіп-піскен күйгелек.


Тәртіптілеу болғым келді басқадан,


«Әкесінің жоқтығы ғой» дей ме деп.


 


Кездескенмен кейкілжіңі кей күннің,


Тәттілігі бұзылған жоқ ұйқымның.


Арман қуып, алға ұмтылып, арлы боп,


«Көргенсіз» деп айтпаса екен дейтінмін.


 


Жетім еткен тағдырыма ашындым,


Мойныңа, әке, келді талай асылғым.


«Байғұс-ай» деп айта ма деп жасқанып,


Жыласам да көз жасымды жасырдым.


 


Аз ба, көп пе, азапқа да жолықтым,


Қалды бәрі,


Қалады екен, соны ұқтым.


«Жетім» деген сөзден кейде от алдым,


«Жетім» деген сөзден әрі қорықтым.


 


Өзім әке болдым бүгін енді мен,


Жетім емен!


Өзімді өзім сендірем.


Сонда да осы жалғыз сөзді


Біреулер


Әзілдеп те айтпаса екен деп жүрем...





Пікір жазу