Той боларда
Кербез қыздар аяғын санап басып,
Жүр жігіттер сол жаққа алақтасып.
Қара сирақ балалар жүгіреді
Той қамына кірісіп, табақ тасып.
Қазандарда бағылан еті асылып,
Келіп жатыр қонақтың шеті асығып.
Ғашықтардың жүрегі лүпіл қақты,
Көңілдердің керемет көркі ашылып.
Той болады деген сөз жүр жатталып,
Елең ете қалады тыңдап халық.
Жүгіреді балалар шуылдасып,
Жігіт қызға кетті, әне, ымдап қалып.
Той болады, бүгін бір той болады,
Ауыл тегіс қуанып ойға алады.
Ең жақсысын таба алмай көйлегінің,
Қыз бар үйдің шығуда ойраны әлі.
Той иесі күбісін жатыр ыстап,
Қанатында қиялдың ақын ұшпақ.
Әне, біреу жүгенін таба алмай жүр,
Жаратып жүр біреулер атын ұстап.
Қалмақ бәрі бір сынап бақ-таланын,
Қайталап жүр әншілер жаттап әнін.
Палуандар ойнатып бұлшық етін,
Достарының қалайды мақтағанын.
Күтіп жүрсе біреулер құлқын құрып,
Қалу керек кімге де бұлқ күн күліп.
Шал-шауқандар сақалын сипалайды,
Сүр бойдақтар сүрнігіп мұртын қырып.
Әкелердей бәріне бұл күн бақыт,
Бір-біріне көңілді жүр тіл қатып.
Қараша үйден бет алды ақ отауға,
Қара кемпір кебісін тырпылдатып.
Шопан жігіт шарбаққа қой қамады,
Тойға бару керек-ау,
Ойланады.
Ең қызығы осы ғой той боларда,
Той болады,
Бүгін бір той болады!