04.07.2023
101
Кім ойлайды, әрине, жаманмын деп...
Кім ойлайды, әрине, жаманмын деп,
Жақсы болу, азамат, саған міндет.
Ел бағасын білген де жөн сияқты,
Айту үшін сеніммен Адаммын деп.
Өткендерді әр қилы еске аламыз
Кеш, даламыз, атамыз,
Кеш бабамыз.
Не тындырдық?
Біз кімбіз?
Халық айтпай,
Пәленбіз деп бекерге төс қағамыз.
Сый-сияпат, құрмет бәріне арман,
Халық өзі кім қандай, танып алған.
Жақсылықпен адам бар аты шыққан,
Байлық қуып пенде жоқ жаны қалған!
Үміт оты алаулап сөнбей жанған,
Көлгірсуге көгершін – көнбейді арман.
Ұзақ жасап пенде бар еленбеген,
Аз жасап-ақ адам бар өлмей қалған.
Азамат боп, Адам боп өттім дейтін,
Өмір керек ісіңе өкінбейтін.
Ізгілік пен ізетің, адалдығың
Көз жұмсаң да мәңгілік өлтірмейтін!