04.07.2023
  73


Автор: Серікбай Оспанов

Қартаймаймын

Дүбірлі дәурен, көрікті көңіл, көк белдер,


Мөп-мөлдір аспан, көгілдір көлдер, көктемдер,


Арайлы таңым, айбатты асқар, ақ бұлақ,


Қажыған сәтім, қамыққан күнім жоқ деңдер.


 


Табиғат-Ана, тамылжып атқан таң күліп,


Көрген жоқ әлі әрлерің кетіп, әл құрып.


Әсерлі әндер, жазира жырлар, құдірет-Күн,


Тұруларың да,


Жылуларың да мәңгілік.


 


Орманды ойым, ынтызар жүрек, аптығым,


Жырларым, жаным, шабытты шағым, шаттығым,


Бала мінезім, аппақ арым мен пәктігім,


Асыл арманым,


Болмайды мүлде қарттығың!


 


Өмірге деген құштарлығымнан шығар-ау,


Толқиды тынбай кеудемде жанған мың алау.


Қартаймаймын мен!


Қартаяр болсам егер де


Қарттығым жалғыз түрімде ғана тұрар-ау...





Пікір жазу