04.07.2023
67
Ашу қысып шыны боп сынамын көп...
Ашу қысып шыны боп сынамын көп,
Айта алмаймын қиынға шыдадым деп.
Өзегімді өкініш барады өртеп,
Іштей тынып отырмын жылағым кеп.
Сүртпейсің сен сонда да көз жасымды,
Өзім ғана қорғаймын өз басымды.
Саған, өмір, өкпелеп таусылдым сан,
Таба алмадым бәрібір өзге асылды.
Сай-сүйегім сырқырар сөз де батты,
Кейбіреулер кекиіп көзбен атты.
Дәмін таттым жоқтықтың, жетімдіктің,
Таба алмадым өзіңдей өзге бақты.
Неге сені соншалық сүйікті еткен,
Мен отырмын,
Салбырап иық кеткен.
Сенен күдер үзгенге таң қаламын,
Қалай ғана, апыр-ай, қиып кеткен?!