04.07.2023
85

Тамшы
Бәрі-бәрі тамшылардан құралған,
Бір тамшы су – түсінгенге бұл арман.
Тамшы судың кереметін,
Бүлігін
Бастан кешкен жандар ғана ұға алған.
Тас төбеңнен тұрса егер су тамшылап,
Тірі қалу қиын екен жан шыдап.
Бір тамшы су тамызбай ма аузыңа
Күш болсын деп қалған кезде қансырап.
Көбіне-көп елемейді ел мұны,
Байқалмайды оның кейде кемдігі.
Бір тамшы су – қарлығаштың көңілі –
Бір тамшы су сөндірмейді өрт, белгілі!
Бір тамшы су шөлдегенде қуатың,
Бір тамшы у – ажал алып туатын.
Бір тамшы бал – үйіреді тіліңді,
Бір тамшы жас – жанарыңды жуатын.
Бір тамшы су гүлге құйсаң кім қарсы,
Бір тамшы жас – кейде саған мың қамшы.
Шын сүйсініп еңбек етсең білесің,
Бар құдірет маңдай терде бір тамшы!