04.07.2023
  80


Автор: Серікбай Оспанов

Мен туған жыл

Базарлы Балдай тауы етегінде,


Ұшқанда қаздар қалқып көк төрінде,


Өмірге мен келіппін мереке алып,


Шуақты қырық бестің көктемінде.


 


Жеткізсе жылылықты, күш, бақытты,


Көктемде алғаш келген құс та құтты.


Ел мені атқан жаңа таңға балап,


Қып-қызыл күн нұрына ұқсатыпты.


 


Тойыма алыс кепті, жақын кепті,


Денемді иісмайлап, әтірлепті.


«Туды ғой бұл пәк сәби жеңіс алып,


Осы да осал емес, батыр!» − депті.


 


Қуанып, ауыл тегіс күліп келіп,


Жүріпті барлығы да үміттеніп.


«Секілді қызыл жалау екен», − депті,


Түрімді қызыл шақа қызық көріп.


 


Білмеймін жалаумын ба,


Алаумын ба,


Көп шығар мендей бала әр ауылда.


Құлаған шынардың жас шыбығымын,


Халықтың кім десе де қалауында!





Пікір жазу