Әзиз жеңешем әңгіме айтады...
Әзиз жеңешем әңгіме айтады,
Әңгімелерін ән ғып айтады.
Соғыс жайында сол бір сөздері
Сан ойлантады, сан мұңайтады.
«Бұл қасіреттің күйі бөтен ғой,
Жесірлік деген қиын екен ғой.
Өкініштерім өзегімді өртеп,
Өз отыма өзім күйіп өтем ғой.
Жайраңдап күліп жүре алмайсың,
Көңіліңді де бұл құр алдайсың.
Бұрынғыдай бір сылана басып,
Тал-шыбықтай тағы бұралмайсың.
Кей кезде жесір біз ғана ма деп,
Сөйлегің келсе де сыздана кеп,
Аулақтайсың азаматтардан да
Әйелдері қызғана ма деп.
Бәрі де елдің сені аңдағандай,
Қадалған көздер сене алмағандай.
Біреудің ері қараса маған,
Қысылам бейне мен арбағандай.
Жесірлік тура қаратпайды екен,
Күн батпайды екен,
Таң атпайды екен.
Бөгде біреулермен сөйлесе қалсаң,
Өз балаларың да жаратпайды екен.
Көршілерден де жарқындық қалып,
Қабақтарынан қарыс салқындық танып,
Көз жасымды көл етіп төктік,
Төсегімізге сан алқындық барып...»
Әзиз жеңешем әңгіме айтады,
Әңгімелерін ән ғып айтады.
Соғыс жайында сол бір сөздері
Сан ойлантады, сан мұңайтады...