04.07.2023
  48


Автор: Серікбай Оспанов

Айтады ғой әуелден халық біліп...

Айтады ғой әуелден халық біліп,


Қажытады ой деген қамықтырып.


Үміт оты кей кезде мазақ етіп,


Жоғалады алдыңнан жанып тұрып.


 


Қандай ғана бұл ойға жан шыдасын,


Өз-өзіңнен мұңайып жаншыласың.


Отырасың орныңнан тұрғың келмей,


Таяқтасын, бәрібір қамшыласын.


 


Тіршілікте әйтеуір тыншымадық,


Бүлінесің бір ойың жын шығарып.


Қалғып кетсең тал түсте


Оятады


Намысыңды бір ойың шымшып алып.


 


Ойсыз, сірә, жер басып жүріп пе едік,


Қуантады бір ойың күліп келіп.


Басу айтса бір ойың жамандыққа,


Мазалайды бір ойын күдік беріп.


 


Әрі дәрім, ой әрі дертім бүгін,


Оймен келіп, ойменен серпілді мұң.


Алуан ой кей кезде мазаласа,


Бірнеше адам бір өзім секілдімін.


 


Оқушыға ақ арман – жетті өлеңім,


Қимас жанды қиялда көп көремін.


Жұбатса да, кей күндер жылатса да,


Ойсыздықтан сақтасын деп келемін!





Пікір жазу