Қара жорға
Күйші отыр шыға алмай жаңа жолға,
Келеді кібіртіктеп «қара жорға».
Ызамен домбыраны тарта-тарта
Қажалып түсіпті, әне, жара қолға.
«Арман боп көкейде енді қалады ол да,
Сен іздеп тұлпарыңды алаң болма!»
Кісінеп иесіне мойын бұрып,
Қара үзді көз ұшында қара жорға.
О, шіркін, бұл қиялды таусады кім,
Тұлпарға ұқсатады тау сағымын.
Ішекке қара жорға дүбірін сап,
Қарашы, сырғанауын саусағының.
Жылқыдай созылып бір жорғалайды,
Дәл басып пернелерден жол қарайды.
Мұңды үнді безілдетіп,
Толқығанда
Күйшінің көзінен жас сорғалайды.
Отырсаң жорғалаған қолға қарап,
Бес саусақ домбыраны алған орап.
Іздейді күйші басып пернелерді,
Пернеге тығылғандай жоғалған ат.
Ұласып кедей деген сорға қайғы,
Алдынан қайда барса тор қамайды...
Сонау бір өткен күннің сырын шертіп,
Бүгін де «қара жорға» жорғалайды.