04.07.2023
  72


Автор: Серікбай Оспанов

Оралсам кейде сағынып елді шалғайдан...

Оралсам кейде сағынып елді шалғайдан,


Іздеп келеді ауылда таныс қалмай жан.


Ақ анам асыл дастархан жайып, дәм берсе,


Ауыл мен ауыл арасын әсем жалғайды ән.


 


Ағалар келіп дәметсе сәтті шалқитын,


Балалар да еріп қалайды қала кәмпитін.


Жеңгейлер жүрер базарлық тілеп қайныдан,


Иіс су керек оларға жұпар аңқитын.


 


Амандығымды,


Жаңалығымды сұрасып,


Өткенді айтып, болашақ барлап, сыр ашып,


Кейде күлісіп, кейде мұңайып, жыласып,


Көңіл білдірер бірінен, ойхой, бірі асып.


 


Дәметер бәлкім, дәметкен бәлкім, жоқ олар,


Сәтімді күтіп жүреді жолдан оралар.


Әжелеріме ақ жаулық алып қайтамын,


Қарындастарға сыйлаймын түсті орамал.


 


Бәрі де қызық, бәрі де мұның молшылық,


Қалады сәтке басымыз біздің қосылып.


...Ауылға кейде қадірсіздеу боп кеткенде,


Сағындырып мен қайтамын ұзақ жол шығып...





Пікір жазу