04.07.2023
  59


Автор: Серікбай Оспанов

Кеше таза, бүгін көңіл лайлы...

Кеше таза, бүгін көңіл лайлы,


Ой – биіктен сері-сезім құлайды.


Пәктігімді –


Шаттығымды жоқтаған


Байғұс жүрек беубеулеп кіл жылайды.


 


Бұл өмірде бір өзіңнен жоқ артық,


Сенгенім ең,


Жүр ем саған қол артып.


Ей, жалмауыз, уақыт-ай, жұттың ба,


Пәктігім-ау, алдым қалай жоғалтып?!


 


Көкіректе мұп-мұздай жел еседі,


Қабағымда қап-қара бұлт көшеді.


Танымай жүр Серікбайды бүгінгі


Бар күнәдан пәк Серікбай кешегі.


 


Ауыр, мұңды ой қамайды күнұзын,


Тым төмендеп кеткен жоқ па жұлдызым?


Бір үзім нан кеше мені зар етсе,


Зар етіп жүр пәктік енді бір үзім.


 


Қарау көңіл жан емеспін бәдбақыт,


Ақ арманды келем алға самғатып.


Мөлдір, таза бұлақ болғым келеді,


Мөлдірлікте екен ғой бұл бар бақыт!





Пікір жазу