04.07.2023
  57


Автор: Серікбай Оспанов

Көтеріп күнде табытты...

Көтеріп   күнде   табытты,


Арқалап   ауыр   қайғыны,


Қараңғы менен жарықты


Жалғамап еді ол қай күні?!


 


Қаланы


Өлі қалаға


Көшірді талай қара жол.


Көсіліп жатыр далада,


Көз жасты қағып алады ол.


 


Десек те жай бір оны жер,


Десек те жол ғой кәдімгі,


Қара жыландай көрінер,


Шыр-пыр ғып шыбын жаныңды.


 


Қарамай бала-шағаға,


Түнекке бастар қара жол.


Сұп-суық өлі қалаға


Ақ анамды алып барады ол.


 


Сәлемі енді жетер ме,


Қас-қабағымды бағар ма ол?!


Шығарды-ау бәрін бекерге


Зиратқа мына барар жол!..


 


Бармайды жолдар қайда алып,


Болмайды жолдас ол кімге?!


Келеді қайта айналып


Қайғыдан жарық өмірге!





Пікір жазу