
Нәзіктік
Нәзіктігі таулардың –
Түрлі-түсті гүлінде.
Нәзіктігі баулардың –
Бұлбұл құстың үнінде.
Нәзіктігі даланың –
Бұлағында жылаған.
Нәзіктігі ағаның –
Амандығы сұраған.
Нәзіктігі талдардың –
Жаңа шыққан бүрінде.
Нәзіктігі шалдардың –
Сәлем алған түрінде...
Көре білсең, маңайың
Тұнып тұрған нәзіктік.
Ренішін ағайын
Ұмыттырған нәзіктік.
Нәзіктік бар құста да,
Отта, суда, құмдарда.
Көктем, жаз, күз, кыста да,
Жылғаларда, жылдарда...
Қате айттың-ау, қалқам-ай,
«Нәзіктігім жоқ дейсің».
Кеудеңде жүр жан қалай,
Қайтіп онда көктейсің?!
Болмайды ғой салқын жан,
Қалай сүйгенді өппейсің?!
Айрылғанда жақыннан,
Қалай көз жас төкпейсің?!
Әке менен Анаға
Тебіренбей бола ма?!
Ата-Анасы балаға
Еміренбей оңа ма?!
Тірлік заңы әр қалай,
Нәзіктіксіз – тұл өмір!
Қате айттың-ау, қалқам-ай,
Нәзік сезім – бұл өмір!