04.07.2023
76
Өмір жолын...
Өмір жолын
Жаңа күн,
Кеше ғана бастап ем...
Күдікпенен қарадым,
Қырық деген жасқа мен.
Күмілжимін кейде енді,
Атсаң да сен күліп, Таң.
Кестелер ем жейдемді,
Сескенемін қырықтан.
Айтшы, Өмір – жан Ана,
Тұрмын себеп таба алмай:
Қырық деген балаңа
Үміттене қалардай.
Он сегізім, алданды,
Бақыт қой деп сәл күлсем.
Майдан дейсің жалғанды,
Қайдан келіп қалдың сен?!
Жиырма бесім жылады,
Отыз бесім ойланып.
Өткен күнім кінәлі –
Көктемімді қойды алып.
Тосырқадым (Тосқан кім?!)
«Өмір қалай өткен?» деп.
Әзілі не достардың?!
Әжіміңе өкпем көп!
Бір қияда тұр бағым,
Атойлаймын әлі мен.
Күліп кеткен жылдарым, –
Үмітті еткен бәрінен!
Әлі шыңға шығамыз,
Сәл қартайғым жоқ менің.
Кім үкімші, ұғамыз,
Қырықыншы көктемім!