04.07.2023
88
Шығар, бәлкім, қимасын сағынғаны...
Шығар, бәлкім, қимасын сағынғаны,
Сағынған соң қалпынан жаңылғаны?
Қасіретті көп көрдім,
Содан болар
Жүрегімнің қабының қабынғаны?!
Өмір – соқпақ, біразын жүріп өттім,
Сенемін барына бір құдіреттің!
Құйтақандай қабы емес,
Кеудеме де
Сыймайтынын білуші ем бұл жүректің!
Көнбей қисық өмірдің әдібіне,
Қағысынан адасты тағы, міне.
Сонша кеңіп кетті екен қабы неге?
Жаратқан-ай, жанымның жазығы не?!
Қырдан құлау – өмірім – ордан құлау,
Сала алмаушы ем бұлқынса оған бұғау.
Соғысынан жаңыла бастағаны –
Көрінгенге жанашыр болғандығы-ау...