04.07.2023
  84


Автор: Серікбай Оспанов

Бірде ысытып, тағдыр бірде мұздатқан...

Бірде ысытып, тағдыр бірде мұздатқан,


Көз іле алмай шығам кейде ұзақ таң.


Алыстағы апаларымды ойлаймын,


Қарындасты еске аламын ұзатқан.


 


Талай-талай көзім жасын бұладым,


Туыстарға арнап өлең құрадым.


Жамандай ма, мақтай ма әлде біреулер,


Кей-кейде бір шуылдайды құлағым.


 


Тыныштығын ойлаймын жер-бесіктің,


Қағылуын күтіп жатам есіктің.


Анам кіріп келетұғын сияқты


«Ұйқтап қаппын, – деп, – жарығым, кешіктім...»


 


Жыламайын деп кей-кейде тістенем,


Ойларымды қуа алмаймын күшпенен.


Оралмайтын көп кісімен бірге боп,


Таңға жуық таңғажайып түс көрем.


 


Ренішпей, жұртқа қалай жағайық,


Өзімізде бар кінәрат, бар айып!


Үлкендерге барып сәлем берейік,


Жастарды да бір шақырып алайық!


 


Анау кісі жасап еді көп көмек,


Кеше анаған қарызға ақша жоқ деп ек.


Көршілер де үйге жиі кірмейді,


Жүрген жоқ па екен бізге өкпелеп?


 


Атама арнап бір тақия салайын,


Апама арнап көйлек-көншек алайын.


Ұят болды, хат жазайын таңертең,


Ырза болсын деп жатамын ағайын.


 


Балаларға айта алмаймыз ертек те,


Ертең осы барайыншы мектепке.


Білгеніміз жұмыс пен үй тірлігі,


Ғұмырымыз екі арада өтпек пе?!


 


Есіме алам ауылдағы үйлерді,


Жалғыздығым түседі еске кейде енді.


Мен сияқты жатыр екен, сірә, кім,


Елестетіп көз алдыма бейнемді?


 


Жанымды бір жадыратып жан еркем,


Армандарым боп жатады ақ желкен.


Тіршілік-ай,


Өз дегенін істетіп,


Бәрі соның болады ұмыт таңертең.





Пікір жазу