04.07.2023
  48


Автор: Серікбай Оспанов

Босаға

Есік ашық, туысқа, достарға да,


Қонақ келмей көңілің қош бола ма?


Іздегенге – ізетім, ілтипатым,


Төрлетіңдер, тұрмаңдар  босағада!


 


Аман болсын деп тілеп ақ босаға,


Елемеген   төрдегі   тақты   оншама,


Қазағымның салты бар,  дәстүрі бар,


Меймандарын сыйлайды жат болса да.


 


Төрлетіндер,   ұялып   именбеңдер,


Қонақ күтіп үй ішім үйренгендер.


Оралмайды   зар   заман,


Қолын   жайып


Босағаға  болған  ғой сүйенгендер...


 


Мен қазақпын төрі бір босамаған,


Кім келсе де жамандық тоса ма адам?!


Парызымыз   шығару   ренжітпей,


Аттағасын   қонақсың   босағадан!


 


Топырағын  елімнің  торқа  қылдым,


Қызуымен   жылиды   ол   тәнімнің.


Қасиеттеп,   қастерлеп   сүйіп   өскен


Шекарасы – босаға   Отанымның!


 


Болсаң бұрын бейтаныс дос боласың,


Төріме   шық,


Сен   неге   жасқанасың?!


Ей,   жолаушы,


Елімнің,   үйімнің   де


Ақ ниетпен, атта тек босағасын!





Пікір жазу