04.07.2023
  71


Автор: Серікбай Оспанов

Біздің үй

Түсіп көрген жоқ әлі басыма мұң,


Алғы күнге арманды асырамын.


Жылы жаққа қайтқан құс секілденіп,


Алыс жүрсем үйіме асығамын.


 


Таласым жоқ, байтақсың,  дала, саған,


Қой иіріп, төсіңе қала салам.


Өз үйімді сонда да кең сезінем


Айналамда отырса бала-шағам.


 


Ақ анашым қарсы алса жанары шат,


Өзін ұстап жан жарым қалады сәт.


Ұмтылады еркелеп сәбилерім,


Анама мен ұмтылам бала құсап.


 


Шаттанады бүкіл ел күлгенде біз,


(Бұдан қиын кезде де күн көргенбіз).


Сағынысып бас қоссақ кешке жақын,


Бір ауылдай – кішкене бір бөлмеміз.


 


Біздің үйге әкелсе жолы кімнің,


Қонақжай боп қарсы алдым, соны білдім.


Тарлығына көз салмай бөлмеміздің,


Кеңдігіне қараңдар көңілімнің.


 


Жұпынылау болғанмен тірлігіміз,


Босаңсып бір көрген жоқ бірлігіміз.


Қазақтармыз қуанар қонақ келсе,


Қоңырқай боп өтпейді бір күніміз!





Пікір жазу