Өгей бала
Күндер өтіп күнделікті күйбеңмен,
Айрылыппын, сүйіктімнен, сүйгеннен.
Ашынған-ақ шығармын мен,
Сонда да
Жасымнан-ақ үндемеуге үйренгем.
Еңбек еттім күндіз демей, түн демей,
Байқамаппын кім бай, қазір кім кедей?!
Әкем де бар, шешем де бар деуменен,
Жүре бергем жүдесем де, үндемей.
Ұстағысы келгеннен соң құл қылып,
Қапаланып,
Қалмайын деп кіл бұғып,
Даусым сәл-пәл шығып еді қаттырақ,
Шапалақ пен жауып кетті жұдырық.
Қапыда бұл қалғаным-ай жасып-ақ,
Сезбей келгем кезде қалай жасырақ?!
Ағайым да,
Ағайын да емес бір
Алған екен алыс біреу асырап.
Сөнбей қалды сөне жаздап шырағым,
Өзекті өртеп өнбойымда жүр әнім.
Жыладым мен көз жасымды көрсетпей,
Шықпады үнім, шығармадым, шыдадым!
Балалық-ай, күнбағысты Күн деппін,
Еркін жүріп, еркелеп бір күлмеппін.
Көмей ғана жыбырлайды, тілім жоқ,
Өгей бала екенімді білмеппін...