04.07.2023
  112


Автор: Серікбай Оспанов

Таза ауада тазарып, қалдым кеңіп...

Таза ауада тазарып, қалдым кеңіп,


Ши желпініп,


Барады шалғын желіп.


Ауыл үстін бөлеген хош иіске,


Әлдеқайдан қосылды жаңбыр келіп.


 


Күн күркіреп, оятып дүрсілімен,


Сыр шертеді тамшының тырсылымен.


Тіршіліктің көзінің қарашығын


Көріп қалдым көк талдың бүршігінен.


 


Күйге бөлеп, билетіп шабыт тынды,


Бұлт астынан сығалап жарық күлді.


Дауыл жұлқып, жел тербеп, терге бөккен


Көзінен жас көк талың тамып тұрды.


 


Табиғаттың қалмады-ау жанашыры,


Ашық-шашық тасталды бар асылы...


Жанарыңды, жаным-ау, салды есіме


Сол көк талдың көзінің қарашығы.





Пікір жазу