03.07.2023
  73


Автор: Серікбай Оспанов

Алданыш

Менің үйім сіздің үймен көрші еді,


Біздің үйге жетелейтін жол сені.


Бөлшегі бір секілді едім жаныңның,


Жанымның бір секілді едің бөлшегі.


 


Бала күн-ай, базарымен қалды алыс,


Жеңіп келед жеңіл тірлік – жанбағыс.


Әлде еркіңмен, әлде өртіңмен?...


Білмеймін,


Әлдекімнен тауып алдың Алданыш.


 


Баяғыдай көрші емеспіз біз де енді,


Көктем өтіп,


Өкпелетіп күз келді.


Елге барсам елеңдеймін сені іздеп,


Ұмыта алмай жүректегі іздерді.


 


Жазғырмаймын,


Жоқ менде де таң қалыс.


Жүректегі сол бір жылы бар ма ағыс?!


Ар-намысың қашқақтатып жүр менен,


Қашпа, көршім,


Өмір де бұл алданыш!


 


Менін үйім сіздің үймен көрші еді,
Дәл қазір де жек көрмеймін мен сені.
Пыш-пыштаған елемесем де ел сөзін,


Бір ауыр ой баса береді еңсені.


 


Өткенді енді өзгертетін бар ма күш,
Бәлкім, бақыт-басқа тағдыр салған іс?!
Алғы күнің, арманың боп жетелер,          


Алдыңда отыр Өмір – Көңіл – Алданыш!


 





Пікір жазу