03.07.2023
82
Ауылда кім бар қарттардан?
Айтпай-ақ бәрін ұғатын,
Әр сөзі мақал – жатталған,
Әңгіме-дүкен құратын
Ауылда кім бар қарттардан?
Солардан бәрін алыппыз,
Сырларын елге ақтарған.
Берейік сәлем барып біз,
Ауылда кім бар қарттардан?
Қуанып барсаң қалатын,
Кеудеңе құйып тәтті арман,
Қатайтар жастың қанатын,
Ауылда кім бар қарттардан?
Қарттардан елде кім қалды,
Сайрап тұр бәрі көңілде...
Иемденіп ап қырларды,
Жатыр ма көбі төрінде?
«Оспанның мынау баласы», –
Деп қойып мақтап, мақтанған
Әкемнің іні, ағасы...
Ауылда кім бар қарттардан?
Дауыл боп тиіп дауылға,
Жасын боп жауға төнгендер
Азайып қапты-ау ауылда
Әкемнің көзін көргендер...