03.07.2023
  56


Автор: Серікбай Оспанов

Көргенім көп пе, көбі әлде көрмегенім бе...

Көргенім көп пе, көбі әлде көрмегенім бе,


Есіктің алды емес пе төр дегенім де?!


Шырмауықтарын тазартып аяқтан шалған,


Шыққым келеді өрмелеп өрге менің де!


 


Шашыппын босқа уақыт – алтындарын мен,


Шыңдарға шыға алмадым талпынғаныммен.


Құрығы ұзындау құлқынға құл боп кетпесем,


Ажырамаспын арманнан алқынғаныммен.


 


Тікенектер де түк емес табанға кірген,


Салтанат құрады ойларым санамда жүрген!


Далама гүлден тозбайтын жабамын шапан,


Шашамын шуақ адамға алам да Күннен!


 


Мұз адамдарды...


Ерітем шыңдардың қарын,


Қуаныштармен аптаймын жылдардың бәрін.


Сақилықтарға толтырып сай-салаларды,


Кеуіп бір қалған кіргізім жылғаның жанын.


 


Шыққаным ба тек биігім?!


Шақпағаным ба,


Ұққаным ба екен ұлылық, ұқпағаным ба?


Әзәзілдерге әр кезде әлім кеп тұрып,


Жыққаным ба екен мықтылық, жықпағаным


ба?!


 


Бұққаным ба екен бұл ақыл, бұқпағаным ба?


Құрдымдай көңіл не болар құптағанымда?!


Майда балыққа қауіп қой ау менен қармақ,


Шортанға қауіп емес пе жұтпа барында?!


 


Жеткенім көп пе, көбі әлде жетпегенім бе,


Қоз созған күнім болды ғой көкке менің де!


Додаға салып келесің доптай ғып теуіп,


Өмір-ау, сені сонда да жек көремін бе?!





Пікір жазу