Жорға
Ала аяқ қара биенің
Құлыны өсті жорға боп.
Амандық оған тіледім,
Жүйрікке бақ та,
Сор да көп.
Су жорға десті көргендер,
Қызығушылар көп еді.
Саудалап оны келгендер
Бірнеше қара береді.
Сатпайды әкем:
«Балама
Бәсіре малым еді», – деп.
Мен жүрем және арада
Ойбайымды сап еңіреп.
Шекетулеп оны ноқталап,
Асылды соған арнадық.
Жүргендей бейне жоқ қарап,
Қарайды бәрі таң қалып.
Жиылған халық – күнбағыс,
Күндей боп жорға жүрді өзі.
Көп еді елде қызғаныш,
Тимесе болды – тіл-көзі!
Жайсаңдар оған жақтасып,
Табалаушылар табылды.
Жорға тай бірақ шоқ басып,
Сындырған емес сағымды.
Соңымда шаң қап шұбалған,
Шабандар соған көмілген.
Шаттығым күтіп тұрды алдан,
Озамын кейде көңілден.
Талай да талай бәйге алдым,
Қызықтап оны жатты аулым.
Мақтанға ғана айналдым,
Жорғаға – көбі мақтаудың!
Айтқанға, сірә, көне ме,
Қалайша бермей қаласың?!
Жорғалатады бөле де,
Жиі кеп мінді нағашым.
Ауданнан келсе уәкіл,
Іздейтіні тек сол ғана.
Деп маған:
«Бала, тұра тұр...»
Алатын мініп жорғаға.
«Жарадың, – дейді – көмекке»,
Көбейіп кетті уәкіл.
Көбейіп кетті себеп те,
Көбейіп кетті «тұра тұр...»
Басқармада да бауыр көп,
Бермеуге бізде жол бар ма?
Міне де міне жауыр боп,
Жорта алмай қалды сол жорға.
Қыс бойы мінді «шабанды»,
Көтерем болды көктемде.
Содан соң «қара жаманды»
Іздеген ешбір жоқ пенде.
Етке алушылар кеш қалып,
Су жорға мәңгі көз жұмды.
Тек сонда ғана еске алып,
Төңірек тегіс сөз қылды.
Шыққан соң енді қолдағың,
Көкіректе бұл кек қайнап,
Естілсе аты жорғаның,
Тыңдаймын елді тоқтай қап.
Таға алмай кінә бәріне,
Отырам қапа болғанда.
...Жылағым келер әлі де
Есіме түссе сол жорға!