02.07.2023
  49


Автор: Серікбай Оспанов

Көңілім

Тамағыма ыза кептелді ме,


Біреуді жаным жек көрді ме,


Сәл нәрсе кейде қуандырды ма?


Қыс, міне,


Күз, міне,


Көктем, міне –


Көңілім!


 


Көкірегіме ән қондырды ма,


Сері етіп, Сал болдырды ма,


Жас аруларға жаутаңдатты ма?


Баладай ол, бар болғыр мына –


Көңілім!


 


Шөлдеген елді шөлдетпейтін де,


Жоғымды кейде сол көп дейтін де,


Асықтыратын,


Ғашық қылатын,


Ұмтылдырып қол жетпейтіндерге –


Көңілім!


 


Мұңайтып, кейде жылататын да,


Сыр айтып, кейде жұбататын да,


Жан-жүрегімді жырлататын да –


Көңілім!


 


Достарға күліп жалбақтайтын да,


Аналарды асыл ардақтайтын да,


Еркелеп елге,


Ертеңімді ойлап,


Жасымай еркін алға аттайтын да –


Көңілім!


 


Толып өсерім, көріктенерім,


Алыстағыны шолып, көрерім,


Тілеп жүргенім қартаймасын деп,


Достарға жиі бөліп берерім –


Көңілім!





Пікір жазу