02.07.2023
  68


Автор: Серікбай Оспанов

Аңғалдау, өткен күндер-ай...

Аңғалдау, өткен күндер-ай,


Алдан да күткен күндер-ай.


Асудан асуға асырып,


Арманға жеткен күндер-ай.


 


Алтыннан әрман күндер-ай,


Алқымнан алған күндер-ай.


Алдымнан қайта шығар ма


Артымда қалған күндер-ай.


 


Алдаған, түлкі – күндер-ай,


Арбаған, күлкі – күндер-ай.


Қуаныш, арман, бақытпен


Жалғаған, шіркін, күндер-ай.


 


Жылаған мәнсіз күндер-ай,


Құлаған сәнсіз күндер-ай.


Қырықтан асқан жасымды


Құраған сансыз күндер-ай.


 


Ұнаған мұңым күндер-ай,


Құраған жырым – күндер-ай.


Не бітірдім бұл жаста


Сұраған бүгін күндер-ай.


 


Тулаған тұлпар күндер-ай.


Зулаған сұңқар күндер-ай.


Жетер ме едім мен саған


Тумаған іңкәр күндер-ай...





Пікір жазу