Десем кейде бір күннен бір күн артық...
Десем кейде бір күннен бір күн артық,
Қостамайды сөзімді жұрт ұнатып.
Мұңым барын бәріне қалай айтам,
Шыбын жанды жүрсем де шырқыратып?!
Қол жеткіздім демеймін баққа кілең,
Елімнің де емеспін мақтаны мен.
Ештеңеден алаңсыз, кірсіз, мұңсыз,
Асыр салған айданда ақ балық ем.
Елемедім шорағай, шортан барын,
Қорқауларды білмедім, қорқа алмадым.
Тарлығы да әлемнің байқалмады,
Барлығына деп жүрдім ортаңдамын.
Кемісім де, бар шығар жеңісім де,
Еңбек еттім өзіме, ел үшін де.
Таңғалтқаным деп жүрдім таңдай қақса ел,
Қармақ барын аңдамай жем ішінде.
Шеттеңкіреп жүрсем де көп таластан,
От та басқан екенмін, шоқ та басқан.
Талай-талай зуылдап өтті жанап,
Мені атты ма, әлде бір оқ па адасқан?!
Тимейді екен кей-кейде тиесің де,
Жек көресің, өмірді сүйесің де!
«Аққа қара жұқпайды» дегенменен,
Сүйкейді кеп кейбіреу күйесін де.
Жатыр күнде ұласып айтаққа-айтақ,
Қоямын құр басымды шайқап-шайқап.
Кесе берді кеселдей жолымды әркім,
Өсек ерді жүрсем де байқап-байқап.
Аңдаусызда қаламын арандап мың,
Аларымды әлі де ала алмаппын.
Шортандармен шортанша шайқасар ем,
Жыртқыш болып әуелде жаралмаппын.
Айтпасам да ақтарып, мақтанып көп,
Жанға деген жүректе сақталыпты от.
Елемейді, кейбіреу не демейді,
Бәрібір мен қаламын ақ балық боп.
Көмкеретін көңілді әр күнімді ән,
Тайдым қалай қапыда қарқынымнан?!
Күлгендеймін зорланып күлсем де мен
Жүргендеймін адасып жарқылымнан.
Сонау жастық шақтағы шырайды алып
Келмейді енді өткен күн, жыл айналып.
...Тазартамын кейде енді көз жасыммен
Тұнығымды қалған сәл лайланып!