02.07.2023
69
Жыл екен бір елге сын...
Жыл екен бір елге сын,
Сәуірде мен туыппын.
Өмірге мен келгесін
Жылыныпты суық күн.
Ауылдың қыр, ойына
Көңілді әуез күй кепті.
Жаңбыр келіп тойыма,
Асыр салып билепті.
Ағып олай-бұлай да,
Мұз да, қар да еріпті.
Туғаннан соң
Бір айда
Жеңісті алып келіппін.
Шапқылапты сан жылға,
Туды деп мен жар салып.
Қараша үйдің алдында
Қара талдар ән салып.
Сүйіншілеп бұлақтар,
Ел қызыққа батыпты.
Медаль тағып қыраттар,
Қарсы алыпты бақытты.
Таң боп жаңа атыппын,
Жауды ініне қуыппын.
Мен шаттық пен бақыттың
Ортасында туыппын.
Ел шежіре толғауда.
Өшпес мәңгі тұр алау.
Бақытты енді болмауға
Хақым да жоқ шығар-ау?!