02.07.2023
64
Бабаның қара жолдар ізі емес пе
Бабаның қара жолдар ізі емес пе,
Даланың әлде әжімді жүзі емес пе?
Қарағым, қасқа жолға қарай-қарай,
Жанарым толып кетті-ау жүз елеске.
Жайнайды жаңбырдан соң жер түрленіп,
Сайрайды құс қанатын еркін керіп.
Егіз жол жатыр қырда
Жұмыр жердің
Көсілген екі аяғы секілденіп.
Қара жол, сені басып кім өтпеген,
Жалғадың жүректерді жүрекпенен.
Тағылған кең далаға екі ішексің,
Ешқашан ештеңеге дір етпеген.
Естіні, езді де сен көп көресің,
Жоқ тілің – айтар елге жоқ кеңесің.
Нар жүгін арқалайсың нар-парымен,
Барлығын көтересің, өткересің.
Жалғанда қиналғаның сезілді ме,
Арманға жетелейсің өзің, міне!
Кең дала, алдық десек кеңдігіңді,
Үйреткен екенсің-ау төзімді де!