02.07.2023
  88


Автор: Серікбай Оспанов

Доңыз емген жолбарыс

Сақтық керек!


Керек берік қорғаныс!


Шықпайды естен өмірде бір болған іс:


Шешесі өліп,


Хайуанаттар паркінде


Ұясында қалды құйттай жолбарыс.


 


Бұл өмірде тумасын де басқа күн,


Күн туса егер, жүн болады асқағың.


Жолбарыстың жетім қалған күшігі


Еміп өсті емшегін бір шошқаның.


 


Алып дерсің,


Дене қандай!


Түр қандай!


Қарсыласын алысса алып ұрғандай.


Көрген кісі сақтанатын болды одан,


Түрі-түсі айбат шегіп тұрғандай.


 


Аяғы ұзын,


Биік,


Қарыс маңдайлы,


Көзде бірақ от ұшқындап жанбайды.


Шошқаға ұқсап ол балшыққа аунайды,


Шошқаға ұқсап тек қорсылдай алмайды.


 


Қараңызшы сұм тағдырдың қорлығын,


Ең, ең қорқақ аңға айналған ол бүгін.


Айбатты да,


Қайратты да барысқа


Ұқсайтыны түрі ғана сорлының!


 


Дым қалмаған мінезді де күшті аңнан,


Мүлде жасық,


Үркеді ұшқан құстардан.


Темір торға соғып алды маңдайын


О, байғұс-ай, қашып бір күн тышқаннан.


 


Әкесінің намысын бұл келтірді,


Қаһарланды,


От-демінен жел тұрды!


«Сүйегіме дақ салдың ғой» - дегендей,


Баласын ол талап, шайнап өлтірді!





Пікір жазу