28.06.2023
129
Шашырап жүрмін
Шашырап жүрмін, дауылдан соңғы даладай,
Жігерім бүгін, қаз басқан қорқақ баладай.
Орнатып ойым, төріне қилы ғимарат,
Отырмын іште, толғағы қысқан анадай.
Десек те қазақ, мінезі біткен қасқырдан,
Көп бүгін түлкі, тірлігін иттің дос қылған.
Қалса да аштан, жемейді қасқыр, харам ас,
Майдансыз қазір, ашкөздер аңдай, бас қырған!
Көрінер істе, туыстай, достай, көп бейне,
Сұмаңдап сөзі, үлесер оймен дөп кейде.
Отбасын олар, олжаға орап қойғанмен,
Мәселе сонда…, көгеріп кейін көктей ме?!
Шашырап жүрмін, ұмытып ұйқы-күлкіні,
Оранып отқа, өзегім күйіп күн-түні.
Қазақтың жауы, болғанға қазақ өртенем,
Қиярын біліп, құлқыны түбін, бір күні!