26.06.2023
  86


Автор: Серікбай Оспанов

Купеде

Купемізде сұлу қыз бар ай қабақ,


Поезд келед бір әуенді қайталап.


Жасымдағы нағыз өзім секілді


Қасымдағы сары жігіт сайтан-ақ.


 


Ал, біріміз шауқарғадай шал кісі,


Байқап келем, бойында әлі бар күші.


Мен қырықта қырма сақал көк тұқыл,


Көңіл шіркін, келмейд қыздан қалғысы.


 


Сұлылық-ай,  отырғам жоқ түңіліп,


Бүйірімді түртеді есер бір үміт.


Қызға қарап жұтынады кәрі шал,


Өңешінде жұтқыншағы жүгіріп.


 


Сезе ме, әлде сезбейді ме қыз мұны,


Қуанышы, болған жоқпыз біз мұңы.


Бірін-бірі аңдып бірге келеді


Бір купеде көктем, жаз, қыс, күз күні.


 


Поезд келед бір сөзді айтып жаршыдай:


«Арсыз көңіл»,


«Арсыз көңіл»,


«Арсыз-ай!..»





Пікір жазу