26.06.2023
  76


Автор: Серікбай Оспанов

Жеткізбей қашқан бір арман

Бұл дүниеге келгелі,


Маңдай терімді төккелі,


Жеткізбей қойды жердегі,


Жеткізбей қойды көктегі.


 


Бар күшті жұмсап бойдағы,


Жетуді ғана ойладым.


Қашуды ол да қоймады,


Қууды мен де қоймадым.


 


Жанары болып Анамның,


Жұлдыз боп кейде көктегі,


Лағы болып маралдың,


Көз алдымнан бір кетпеді.


 


Аруға кейде айналып,


Етеді мені ғашық ол.


Ұшады Күнге, Айға алып,


Арманымды алып қашып ол.


 


Шабытты кейде шағымда


Өлең боп қолын бұлғайды.


Жеткізбей қолды жанымда,


Уақыт болып зырлайды.


 


Сонда да қуып келем мен,


Жеткізбей келеді ол да әлі.


Қол бұлғап кейде тереңнен,


Өмірдің болар жолдары.


 


Жетемін, енді жетемін,


Дегенде түспей қолыма,


Қылығы болып еркенің,


Қайтадан тұрар жолыма.


 


Айналып майда самалға,


Шашымнан сипап өтеді ол.


Айналып өткір жанарға,


Жан-жүрегімді өртеді ол.


 


Ақындық албырт көңілмен,


Деуменен енді жетем-ау,


Мен, сірә, мынау өмірден


Қуумен өтіп кетем-ау?!





Пікір жазу