26.06.2023
70
Ақ сәулемен құбылтып құба белді...
Ақ сәулемен құбылтып құба белді,
Ай аймалап алыстан тұр әлемді.
Ақ таңменен таласып ақ жеңешем,
Ақ шымылдық ішінен шыға келді.
Ақ шымылдық ішінде,
Ақ көкем-ай,
Балқып кетпей қалайша жатты екен-ай?!
Аппақ айна алдында таранады,
Ақ жеңешем жамылып ақ бөкебай.
Ақ таңның мен тіледім атпағанын,
Ақ көрпеден сығалап,
Сақтанамын...
Ай бетінің айшығы түсіп қалған,
Ақ бөкебай жасырды ақ тамағын.
Терезеден керемет төгіліп нұр,
Ақ жеңешем ақ нұрға шомылып тұр.
Аппақ арман қойнымда, аласұрдым,
Арынды, асау сезіммен жолығып бір.
Алакөбең айнала, қыр алабы,
Ақ қайыңдар ырғалып, сыланады.
Ақ жеңешем аулаға шыққан кезде,
Күн де ұрланып қырқадан сығалады...