26.06.2023
  103


Автор: Серікбай Оспанов

Тұр зорайып құлпытас...

Тұр зорайып құлпытас,


Қабірдің де сырты тас.


Мүрде үстін басып тұр –


Құлпытаспен біртұтас.


 


Неге бәрін тас қылған,


Неге таспен бастырған?!


Өлік – тыныш.


Қабірдің


Кім шығады астынан?!


 


Жер бітеген тас қамал,


Көрген кісі жасқанар.


Шығып кетпей жатыр ғой


Жер жамылған басқалар...


 


Тірлігінде қас қылған


Қорықты ма адам-қасқырдан?


Бос мақтан ба


Байлықты


Тас қамалға шаштырған?!


 


Түскен кім бар аспаннан,


Сақта, Құдай, асқаннан!


Ата-бабаң


Жамылып,


Топырақты жастанған!





Пікір жазу