26.06.2023
  62


Автор: Серікбай Оспанов

Сыбызғы

Жайына қап күйкі тірлік, жалған іс,


Бойымызда бас көтеріп Ар, Намыс,


Біз отырмыз


Өткен, Бүгін, Кешегі –


Егілдіріп


Сыр шертеді нар қамыс.


 


Біз кім едік?


Қайдан?


Қалай өтіп ек?


Көз алдыңа соның көркі, өрті кеп,


Сыбызғының үні болып астасып,


Күмбір қақты көмей демеп көкірек.


 


Әуен сырлы,


Үзілмейді,


Жоқ тыныс,


Даламызда –


Санамызда соқтығыс!


Мұң мен шаттық араласқан сәтте де


Бір сыбызғы шығарады қос дыбыс.


 


Бірі биік,


Бірі сәл пәс толқын – үн,


Ат дүбірі,


Кейде үні шолпының.


Ескендірдің,


Заманынан Гомердің


Сөйлеп тұрған – жан-жүрегі сопының.


 


Біз білмейміз шаттығы не, мұңы не?!


Дір-дір етті...


Ерте көктем гүлі ме?


Қатар шыққан екі дыбыс


Егілген


Ләйлі менен Мәжнүннің үні ме?!


 


Неткен нәзік,


Неткен сұлу,


Қайғылы?!


Дөңбекшиді көкіректің айдыны.


Періштелер арасынан


Пейіште


Жұматай ма іздеп жүрген Ләйліні?


 


Еске салып көктем, жазым, күзімді,


Көз алдыма өткен күндер тізілді.


Тәтті әуені үзілмесе деп едім,


Сыбызғының үні кенет үзілді.


 


«Дүниенің төрт бұрышын тыңдаңдар,


Сыбызғы бар, сыбызғыда мұң-зар бар.


Адамзаттың анасы бір» –  деп тұрған


Сол үзілген әуенді енді кім жалғар?!





Пікір жазу