26.06.2023
  82


Автор: Серікбай Оспанов

Бір тамшы жас

Үзіліп түскен бір тамшы жас жанардан –


Әрі қайғы,


Әрі бақыт,


Әрі арман.


Еріп түскен ерімес мұз мәңгілік,


Шерменде шер ол қапасқа қамалған.


 


Жанарымнан үзіліп түскен ақ маржан,


Тағатым ба ең тар кезеңде тапталған?!


Жасырған бір жасын ойым, сырым ба ең,


Шемен болып жүрегімде сақталған?!


 


Жанарымнан үзіліп түскен мөлдірім,


Ерте солған сен шығарсың сол гүлім?!


Ел алдында аласарған ақиқат,


Өрге шықпай өрт шалған сен өрлігім!


 


Жанарымнан үзіліп түскен бір тамшы,


Сұм тағдырдың маңдайынан ұрсаңшы!


Азарыңды болсаң егер көрсетіп,


Азабынды азайтып сәл тұрсаңшы!


 


Бір тамшы жас жанарымнан ағылған,


Сен бөлінген жарық жұлдыз жанымнан.


Күрсіндірген күндерімнен белгісің,


Естеліксің, сонау бала шағымнан.


                  


Бір тамшы жас, тас жарасың, табындым,


Бөлшегісің іштегі ыстық жалынның.


Дәл өзіңдей дәркүмәнсіз, дәріпсіз


Мөлдір моншақ келеді кіл тағынғым.


 


Бір тамшы жас, түріп түнек түнімді,


Кеудемдегі көтердің бақ-күнімді.


Қуып шыққан құдіретсің сайтанды,


Жуып шыққан сен шерім мен кірімді!


 


Сұлу... Өңсіз...


Жақсы да бар, жаман бар,


Бір-біріне ұқсамайды адамдар.


Жанарынан тамдыра алмай бір тамшы,


Толып жатыр боп жүргендер саған зар.


 


Ыршып шыққан ысып екі айдыннан,


Бір тамшы жас,


Мен өзіңе жайдым жан.


Ағыл!


Төгіл!


Мың моншақ боп ақтарыл,


Құтқар мені,


Құтқара көр қайғымнан!





Пікір жазу