26.06.2023
93
Ағайындар арасында
Ешкімді де
Әлемде мен
Теңгермеймін ағайынға –
Даналыққа сәлем берем,
Балалық жүр маңайымда.
Ізгілікті іздедім мен,
Адалдықпен амандасып.
Жүріп өткен іздеріммен
Қайырым жүр қадам басып.
Ес жиғаным жаңа ғана,
Өткенін-ай мың-сан күннің...
Ағайындар, араңа да
Ізетімді жұмсап жүрмін.
Ашуымды ноқталаймын,
Кей ісіне жаным күйіп.
Аз ба, әлде көп пе ағайын,
Бәрінен де
Арым биік!
Жан салып мұң жолатпауға
Мейірім жүр дамыл көрмей.
Маңдайыма қонақтауға
Қойды неге Бағым көнбей?!