26.06.2023
  67


Автор: Серікбай Оспанов

Түбіт қолғап

Жүруші ем сеніп, үмітпен,


Жалғыз ұлды еске алыпсыз.


Жан апа, тоқып түбіттен,


Бес саусақ қолғап салыпсыз.


 


Сонау бір жылдар...


Қатер...


Мұң...


Көз алдымнан өтті-ау сәт.


Соғыста болған әкемнің


Екі қолында бес саусақ.


 


Кірбіңді біз бе байқаған...


Есіме қолғап кетті-ау сап.


Өсті ғой, апа, қайтадан


Өспейді деген бес саусақ.


 


Өскені емей, немене,


Өмірге сендер келдіңдер.


Қаншама сүйді немере!


Қол ұшын жиі бердіңдер.


 


Қамығып  өтер қалды күн,


Өкінішінің өшті ізі.


Артында қалған бар бүгін


Бес саусағындай бес қызы.


 


Еске алар мені ешкім жоқ,


Деп жүр ем бәрі ұмытты.


Бес саусақ қолғап бес қыз боп,


Жанымды, апа, жылытты!





Пікір жазу