26.06.2023
  72


Автор: Серікбай Оспанов

Ақылдан тақтым алқаны

              (Ұлыма)


 


Жақсылық жаса, жасқанба,


Шыңдарға шықсаң, мастанба.


Қарғаның жемі – қара қи,


Қыранның жемі – аспанда!


 


Ілгері қадам басқанға,


Көмектес қалсаң, ассаң да!


Мігіттің орны – жоқ мүлде,


Жігіттің орны – асқарда!


 


Шындықтың ұстап жалынан,


Үміт күт елдің таңынан.


Өмірде биік мақсат жоқ


Ұлтың мен ұлан қамынан!


 


Әлемде жалғыз сөнбес күн,


Күнмен де даңқың теңессін,


Хан да бол, мейлі бай да бол,


Халқыңнан биік емессің!


 


Адамның бағы –


Ақ таңы


Кіршіксіз болып атқаны.


Аққудың бағы – айдыны,


Бақаның бағы – батпағы.


 


Тумасаң елдің ұлы боп,


Жыры боп, сыры, нұры боп,


Ақындықтың да құны жоқ,


Әкімдіктің де құны жоқ.


 


Берілме ыза-ашуға,


Әдеттен оны басуға.


Соғыстың, небір бүліктің


Бастауы – асып-тасуда!


 


Тереңде жүзсін ой-кемең,


Өтпейді өмір тойменен.


Өкінбес айтқан сөзіне


Ойланып алып сөйлеген. 


 


Анаңды сыйла, жалықпа,


Шығарған анаң жарыққа!


Анадан туған кемеңгер,


Анадан туған алып та!


 


Шаттанса кісі – ұшқаны,


Ой айтпа, ұлым, ұшқары.


Адалға дұшпан – арамдық,


Наданның өзі – дұшпаны!


 


Көзіңді тігіп жан-жаққа,


Жақсы-жаманды салмақта.


Аруақтарға басыңды и,


Адамзатты сүй, ардақта!


 


Жетуің үшін тілекке


Қалмайын десең түнекте,


Көкірек көзін аша біл,


Иманың болсын жүректе!


 


Бақыттан әркім дәмелі,


Махаббат, шаттық – жан емі.


Сұлулығы мен байлығы –


Адамның ішкі әлемі.


 


Мақсат қой биік алдыңа,


Қамқор бол барлық жандыға.


Қайғысын, мұңын қашырып,


Қайырым жаса жарлыға!


 


Адалдық адам қалқаны,


Ары биік жан, арқалы!


Тазалық тілеп, ұлым-ау,


Ақылдан тақтым алқаны.


Әлемді әркез сақтайтын


Таза адамдардың жан-тәні!





Пікір жазу