Жол айырық. Өкініш
(Бұрынғы бір досқа)
Албырт шақта өлең дестік, жыр дестік,
Адал достың арманымен бірге өстік.
Өмір жолы екі айырды біздерді,
Өтті бізден бір беймәлім білместік.
Алыс жолға аттанғанда қамданып,
Жол айырық сынақ болды жанға анық.
Мыстан уақыт арбап қойған жандардай,
Біз екеуміз екі жолды таңдадық.
Өмір алдан тосты сырын беймәлім,
Шаттығыңды енді менсіз тойладың.
Жан досыңның жақсы күнін қызғансаң,
Достығыңа өзің нүкте қойғаның.
Көзден ғайып болғаннан соң мүлде сен,
Көңіл суып, мұңға толды жыр кесем.
Доспын деген жайдақ сөзден не пайда,
Бұл өмірде бар - жоғымды білмесең.
Көне күпі секілденіп жыртылған,
Ескі елеске айналуда түр-тұлғаң.
Тілеулестік теріс кетіп бұрынғы,
Күбің-күбің сөз айтасың сыртымнан.
Әр тағдырға қойылады бір нүкте,
Сонда біздер бекер өмір сүрдік пе?
Жауға айналған достар аз ба өмірде,
Жатқа айналған жақын аз ба тірлікте.
Мен өкінсем өлең бірге өкінді,
Төбемізден төне түскен екінді.
Жолайырық екі айырған біздерді,
Соңымыздан күліп тұрған секілді.